28-ші Орта Азиялық Халықаралық «Тамақ өнеркәсібі» көрмесі

FOODEXPO QAZAQSTAN ЖӘНЕ QAZPACK 2026 КӨРМЕЛЕРІНІҢ АРҚАСЫНДА АЛМАТЫ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ МЕН ҚАПТАМА ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИАЛОГ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛАДЫ.

2026 ЖЫЛҒЫ 11–13 ҚАРАША АРАЛЫҒЫНДА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «АТАКЕНТ» ҚІЫО АУМАҒЫНДА 28-ШІ ОРТА АЗИЯЛЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ» FOODEXPO QAZAQSTAN 2026 КӨРМЕСІ ЖӘНЕ 23-ШI ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ОРАМА, ЫДЫС, ЗАТТАҢБА ЖӘНЕ ПОЛИГРАФИЯ» QAZPACK 2026 КӨРМЕСІ ӨТЕДІ.

Көрме алаңдары азық-түлік өндірушілерін, қаптама шешімдерін жеткізушілерді, сауда желілерінің өкілдерін, дистрибьюторлар мен салалық сарапшыларды біріктіріп, жаңа өнімдер мен технологияларды таныстыруға, іскерлік байланыстар орнатуға және тамақ өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.

FoodExpo Qazaqstan 2026 көрмесінің ауқымы 31 елден келген 505 компанияны қамтиды, оның ішінде 86 қазақстандық және 419 шетелдік қатысушы бар. Айта кетерлігі, экспоненттердің 67%-ы — 338 компания — көрмеге алғаш рет қатысады. Бұл Қазақстан мен Орталық Азия нарығына деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын, сондай-ақ өңірдің жаңа іскерлік серіктестер үшін тартымды екенін көрсетеді. Экспозицияның географиясы Әзербайжан, Беларусь, Германия, Мысыр, Индонезия, Иран, Италия, Қазақстан, Қытай, Корея Республикасы, Қырғызстан, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Пәкістан, Польша, Ресей, Сингапур, Словакия, АҚШ, Таиланд, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Шри-Ланка және Жапонияны қамтиды.

Экспозицияда № 7 және № 8 павильондар ерекше орын алады. Мұнда Қазақстан, Ресей, Қытай, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Қырғызстан, Иран, Нидерланд, БАӘ, Пәкістан, Өзбекстан және Түркиядан келген азық-түлік пен сусын жеткізушілерінің 200-ден астамы өз өнімдерін ұсынады.

Халықаралық экспозицияның маңызды бөлігі Беларусь, Германия, Қырғызстан, Малайзия, Пәкістан, Польша және Корея Республикасының ұлттық стендтері болады. Олар өз елдерінің өнімдері мен экспорттық әлеуетін бірыңғай кәсіби алаңда таныстыруға мүмкіндік береді.

Көрменің ресми серіктесі — Taste of Poland – Польшаның Ауыл шаруашылығы және ауылдық жерлерді дамыту министрлігі – KOWR.

Ерекше оқиғалардың бірі — Asian Group компанияларының бірлескен қатысуы алғаш рет ұйымдастырылады. Оның аясында Сингапур, Малайзия және Индонезиядан 30-дан астам компания өз өнімдерін ұсынады. Экспозицияны 14 малайзиялық компанияны біріктірген MATRADE ұлттық стенді толықтырады.

Көрме жыл сайын қазақстандық нарыққа шығуға, экспорттық-импорттық байланыстарды дамытуға, жергілікті дистрибьюторлар мен серіктестерді іздеуге мүдделі шетелдік өндірушілер үшін маңызды бастау алаңы болып табылады.

Көрменің ауқымды бөлігін Ресей өңірлерінің ұжымдық экспозициялары құрайды. Олардың қатарында «Кубаньда жасалған» («Сделано в Кубани») және Ресейдің экспортты қолдау жөніндегі өңірлік орталықтары: Адыгея Республикасы, Татарстан Республикасы, Удмурт Республикасы, Иваново, Калининград, Омбы, Орынбор, Калуга, Пенза, Ростов және Челябі облыстары, Краснодар өлкесі, Санкт-Петербург бар. Сондай-ақ Қытайдан азық-түлік, тағамдық ингредиенттер, өндірістік жабдықтар мен қаптама шешімдерін жеткізушілер қатысады.

Алғаш рет көрменің іскерлік бағдарламасы INFOLine талдау агенттігімен бірлесіп ұйымдастырылған екі күндік ауқымды Food Business Forum Qazaqstan 2026 форумымен толықтырылады. Форум тамақ өнеркәсібі, бөлшек сауда өкілдері мен сарапшылар қауымдастығын біріктіріп, азық-түлік нарығындағы негізгі үрдістерді, FMCG сегментінің даму перспективаларын, жаңа өнімдерді коммерцияландыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылайды. Тұтынушылық сұраныстың өзгеруіне, өндірушілердің сауда желілерімен өзара іс-қимылына және бизнес тиімділігін арттырудың практикалық құралдарына ерекше назар аударылады.

11 қараша:

INFOLine баяндамасы: «Қазақстан мен Орталық Азияның азық-түлік және FMCG нарығы: сұраныс, сату арналары және өсу перспективалары»;

Сессия: «Орта Азиядағы FMCG бөлшек саудасы: нарық қалай өзгереді және бөлшек саудагерлерге не қажет?»;

Сессия: «Нарықтағы жаңа өнімдер: сөреге қалай шығып, өнімнің коммерциялық әлеуетін жүзеге асыруға болады?»;

Арнайы сессия: «Көшбасшылық, инновациялар және азық-түлік индустриясының болашағы: нарықты өзгертетін компанияларды қалай құруға болады».

12 қараша:

Сессия: «Food retail және тамақ өнеркәсібіндегі технологиялар: есепке алу мен логистикадан сатуды басқаруға дейін»;

Сессия: «Азық-түлік пен саудадағы жасанды интеллект: нақты кейстер және бизнеске әсері».

Форумның өткізілуі көрме экспозициясын талдамалық және сараптамалық күн тәртібімен толықтырып, қатысушыларға өзекті зерттеулер мен практикалық бизнес-кейстермен танысуға, сондай-ақ саланы дамытудың перспективалы бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді.

Іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің, , «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және КАГиР-дің ресми қолдауымен өтеді.

Тамақ өнімдері бағытымен қатар, бірыңғай салалық алаңды қалыптастыруда «Орама, Ыдыс, Заттаңба және Полиграфия» атты 23-ші Қазақстандық халықаралық QazPack 2026 көрмесі маңызды рөл атқарады. Ол қаптама, ыдыс, заттаңба және полиграфия саласындағы шешімдерді ұсынады. Көрмеге 15 елден 123 компания, оның ішінде 28 қазақстандық және 95 халықаралық кәсіпорын қатысады. Қатысушылардың географиясы Әзербайжан, Беларусь, Германия, Гонконг, Иран, Италия, Қазақстан, Қытай, Польша, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Швейцария және Швецияны қамтиды.

QazPack 2026 көрмесі Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақ тағамтану академиясының және Қазақстан Қаптаушылар қауымдастығының ресми қолдауымен өтеді.

Жалпы алғанда, FoodExpo Qazaqstan және QazPack Орталық Азиядағы тамақ өнеркәсібі мен сабақтас салаларды дамытуға арналған негізгі кәсіби алаңдардың бірін қалыптастырады. Экспоненттердің халықаралық құрамы, ұсынылған кәсіпорындардың кең географиясы және мамандандырылған іскерлік бағдарлама сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, салалық тәжірибе алмасуға және өңірлік нарықта инновациялық шешімдерді ілгерілетуге қосымша мүмкіндіктер жасайды.

FoodExpo Qazaqstan 2026 және QazPack 2026 көрмелерінің ұйымдастырушылары — Қазақстандық көрме компаниясы Iteca және оның халықаралық серіктесі ICA Events компаниялар тобы.