AGRIFOOD FORUM QAZAQSTAN ҚҰС ӨСІРУШІЛЕРДІҢ ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық кәсіпқойлары үшін бүгін AgriFood Forum Qazaqstan бірыңғай online-алаңы өз жұмысын бастады, онда саланың ағымдағы жай-күйін талқылау және нарықтың жаңа жағдайларына сәйкес бизнесті тиімді жүргізу бойынша шешімдерді іздеу үшін мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың, одақтардың, отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен бизнес өкілдері кездеседі.
AgriFood Forum Qazaqstan онлайн-форумы құс тұмауының өзекті мәселелеріне арналған Қазақстанның Құс өсірушілер одағы, ЕАЭО құс өсірушілер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырған вебинармен ашылды. Форум жұмысына спикерлер ретінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері, Қазақстан құс өсірушілер Одағының басшылығы, Республикалық ветеринарлық зертхананың өкілдері, «Авивак» ҰКП, Қазақстандық ветеринарлық ғылыми-зерттеу институты мен салалық қауымдастықтардың ғылыми қызметкерлері қатысты.
Вебинардың негізгі тақырыбы әлемдегі жоғары және төмен патогенді құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдайды, жоғары патогенді құс тұмауының алдын алу және бақылау шараларын талқылау болды. Қазақстан Республикасының аумағында құс тұмауы бойынша эпизоотиялық жағдай 15 жыл бойы қолайлы болғаны белгілі. Республикада құс тұмауының соңғы толқыны 2005 жылы тіркелген. Бірақ 2020 жылдың қыркүйегінде ауру пайда болып, құс тұмауы бірден Қазақстанның тоғыз өңірінде тіркелді. Құстардың жоғары патогенді тұмауы расталған 48 елді мекенде карантин енгізілді. Ресми мәліметтерге сәйкес, қоныс аударатын жабайы құстар аурудың көзі болып табылады.
Вебинарға қатысушылар құс тұмауының алдын алу және оған қарсы қолданылатын шаралар бойынша тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ «сұрақ-жауап» форматында тікелей эфирде тыңдаушылардың сұрақтарына жауап бере алды. Іс-шараға республиканың барлық құс шаруашылықтары, сондай-ақ ЕАЭО елдеріндегі олардың әріптестері қатысты, олар Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мысалындарында құс тұмауына қарсы күрестің шетелдік тәжірибесімен бөлісті.
Вебинар барысында Қазақстан құс өсірушілер одағы H5N8-ден бос өңірлерге жоғары патогенді құс тұмауының әкелінуін шектеу және алдын алу бойынша жедел шаралар тізбесін көздейтін құс тұмауының таралуын болдырмау және оның алдын алу жөніндегі бағдарламамен таныстырды. Бүгінгі таңда барлық отандық құс фабрикалары қауіпсіздік шараларын күшейтіп, вакцинациялау, инфекцияны болдырмау бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Сондай-ақ, қауіпсіздік мақсатында құс фабрикаларының мамандары ветеринариялық органдармен бірлесіп, құс шаруашылықтарының айналасындағы жеке секторда вакцинация жүргізеді.
AgriFood Forum Qazaqstan мамандандырылған пікірталас алаңы 4 және 5 қарашада өзінің белсенді жұмысын жалғастырады. Сіздерді келесі тақырыптарға арналған тақырыптық сессиялар күтеді:
- 4 қараша: Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестициялар тарту;
- 4 қараша: Қазақстандағы жеміс-көкөніс бизнесі: covid'19 әсері және дағдарыстан шығу жолдары;
- 5 қараша: Нан пісіру технологиялары және наубайхана өндірісін оңтайландыру-оқыту бағдарламасы.
Төмендегі сілтеме бойынша өтіп, онлайн-форумның бағдарламасымен танысуға және тіркеуден өтуге үлгеріңіздер: https://agroworld.kz/online-forum/